Remark ru

LА-LA-LA, Нұрила

Блогер Нұрила Аманбаеваның таксиде мүмкіндігі шектеулі жүргізушіні түсірген видеосы әлеуметтік желіде тез арадада тарап, блогер сын астында қалды. Себебі де түсінікті, блогердің бұл контенті ең әуелі әдеп нормаларына сай емес. Сәйкесінше, блогер репутациялық дағдарысқа тап болды.

Блогер таксиде ән айтып, орынсыз әзілге жол берген. Әлеуметтік желіде сын үдей түсе бастаған соң, Нұрила жариялаған контентін тез арада өшіріп, көпшіліктен кешірім сұрауға тырысты. Алайда, әлеуметтік желі қолданушылары блогердің бұл видеосын жүктеп үлгергендіктен, оның әрекетіне қатысты сын өз аудиториясының ауқымынан шығып, қалың көпшілікке тез тарады.

Блогердің жіберген қателігін, қалайша мұндай жағдайға тап болғанын талқылап көрейік.

Өз артықшылығын көрсету

Нұрила өз үндеуінде кешірім сұрап, ешкімді ренжіткісі келмегенін айтты. Алайда қанша жерден ағынан жарылып, өз қателігін мойындағанымен бұл әрекет беделге түскен сынды әп-сәтте тоқтатуы екіталай.

«Америкалық трендті қайталағым келді» деген ақталу – тиімсіз әдіс

Нұрила бұл әрекетінде американдық трендті қайталағысы келгенін түсіндірді. Алайда мұндай ақталу – тиімсіз әдіс. Батыстық форматтағы трендті өз мәдениетіңе бейімдемей сол қалпында қайталау — контент жасаушылардың жиі жіберетін қателігі. Бір мәдениетте әзіл деп қабылданатын тренд, басқа мәдениетте қорлау ретінде қабылдануы мүмкін.

Нұриланың кейсінен алар сабақ

Нұрила қатесін тез мойындап, көпшіліктен кешірім сұрады. Оның кейінгі коммуникациясында агрессия байқалмады. Ол кінәсін ашық айтып, моральдық тұрғыдан өз әрекетін түсінгенін жеткізуге тырысты. Айта кетейік, жауапкершілікті мойындау — көпшілік алдына жиі шығатын танымал тұлғалардакездесе бермейтінжақсы қасиет.

Дегенмен, кешірім сұрау арқылы дағдарыс тоқтайды деп ойлау қате түсінік.Аудиториядан кешірім сұраудан бөлек, сын астында қалған адамның өз әрекетінен ой түйіп, іс жүзінде оны қайталамайтынын білдіретін жақсы әрекет жасағанын аудитория күтетінін түрлі кейстерден аңғарып жүрміз.

Беделді қалпына келтіру жолдары

  1. Есту қабілеті шектеулі адамдар қауымдастығымен кездесіп, олар жайлы жақсы контент жариялау.
  2. Инклюзия тақырыбындағы контентті көбейту.
  3. Жеке ұстанымын ашық түрде көпшілікке жеткізу: «Мен экранның ар жағындағы адамның не сезінетініне, менің контентімді қалай қабылдайтынына жауаптымын» деген шынайы сөз айтылғаны орынды.

Мұндай қадамдар арқылы сын астында қалған адам өз аудиториясының сенімін қайтарып қана қоймай, аудиторияның құрметіне де бөленуіне көмегін берері сөзсіз.

Нұриланың кейсінен түйген түйін

  1. Қазақстандық қоғам теңсіздік жайлы кез келген контентке өте сезімтал. Егер жасаған контентіңіз әдеп тұрғысынан күмәнді болса, мұндай контентті парақшаңызға жарияламаған жөн.

  1. Кешірім сұраумен дағдарыс басылмайды, сын өшпейді. Аудитория сөзден гөрі әрекетті күтеді. Тек іс арқылы сенім қайтарылады.
  2. Интернетте де «жеке кеңістігім бар» деу тек алдамшы түсінік. Егер сіз көпшілік алдында танымал тұлға болуды қаласаңыз, аудиторияның қажеттілігін біліп әрі аудитория сізді қалай қабылдайтынына жауапты болуға үйренуіңіз керек.